Ссылки доступа

Қырғызстан CASA-1000 жобасына қатысады


Президент Алмазбек Атамбаев CASA-1000 энергетикалық жобасын жүзеге асыруға қатысты, Қырғызстан мен Халықаралық даму қауымдастығы, Еуропалық инвестициялық банкі және Ислам даму банкі арасында жасалған келісім-шартты мақұлдау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Үш жақты келісім-шарт аясында қуаты 500 кВ электр желісі тартылады. Ол Қырғызстанның «Датқа» станциясынан басталып «Ходжентке» (Тәжікстан), әрі қарай Кабул (Ауғанстан), одан соң Пешавар (Пәкістан) қайта өңдеу станциясына дейін созылады.

Жоба бойынша, мамыр-қыркүйек айларында Қырғызстаннан өндірілген электр қуаты Тәжікстанға, Пәкістанға және Ауғанстанға экспортталады.
Келісім-шарт аясында Еуропалық инвестициялық банкі қырғыз тарапына 70 миллион евро, Ислам даму банкі – 50 миллион доллар, Халықаралық даму қауымдастығы – 45 миллион доллар бөледі.

Жобаның жалпы құны – 1 миллиард доллар, соның 233 миллион доллары Қырғызстанға беріледі. Қаражат электр қуатын экспорттаудан түскен қаржы есебінен қайтарылады. 2016 жылы 12 мамырда тәжікстандық Турсунзаде қаласында CASA-1000 жобасының ресми ашылу салтанатты өтті.

XS
SM
MD
LG