Ссылки доступа

Эрдоған үш ай төтенше жағдай жариялады


Түркия президенті Режеп Эрдоған елде үш ай төтенше жағдай енгізілгенін жариялады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің 20 шілдеде Анкарада өткен жиналысындағы Эрдоғанның мәлімдемесі тікелей эфирде көрсетілді. Осындай шешім қабылдауға 15 шілдедегі сәтсіз әскери төңкеріс түрткі болды.

Бұған дейін Эрдоған, Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында, төңкерісті ұйымдастыруға шет мемлекеттер қатысуы мүмкін деп мәлімдеді, бірақ ешқандай елді атаған жоқ. Түркия үкіметі әскери төңкерісті қазір АҚШ-та тұратын оппозиция жетекшісі, исламды насихаттаушы Фетхуллах Гюлен ұйымдастырды деп есептейді.

Эрдоған түрік демократиясына қауіп төнді, елде авторитарлық билік орнады деген тұжырымдармен келіспейтінін мәлімдеді. «Біз демократиялық парламенттік жүйеден ешқашан бас тартпаймыз», - деді ол.

Бұған қоса түрік президенті, елдің Еуропалық Одаққа кіруіне кедергі болуы мүмкін екендігіне қарамастан, парламенттің өлім жазасын қайтару туралы шешімін мақұлдайтынын жасырмады.

Бірқатар мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Вашингтондағы жиында түрік билігінің сәтсіз мемлекеттік төңкерістен кейін елде қудалауды күшейтіп жібергеніне алаңдаушылық білдіріп, Түркияны заң үстемдігін сақтауға шақырды.

XS
SM
MD
LG