Ссылки доступа

Түркия Қырғызстанды Гүлен жақтастарына қарсы шара қолдануға шақырды


Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу Қырғызстан билігін оппозициялық қайраткер Фетхуллах Гүленнің жақтастарына қарсы шара қолдануға шақырды. Ол бұл жөнінде Аланьяда демократияны қолдауға арналған акция кезінде айтқан.

Аланья қаласы әкімшілігінің ресми сайты министрдің акцияда сөйлеген сөздерін басқан. Онда Чавушоглу 15-16 шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған адамдар жауапқа тартылады деген.

Ол сонымен бірге Түркия билігін әлемнің бірқатар елдері қолдап отыр деген. Оның сөздерінше, Түркия енді Гүленмен қандай да бір байланыс жасайтын елдермен қарым-қатынасты доғарады. Сомалиде Гүлен жақтастарын бір аптаның ішінде елден кетуді сұрады. Солтүстік Кипр Гүлен қорлары террористік ұйымдардың тізіміне енді. «Әзірбайжан және басқа елдер аталған шараларды қолға алып жатыр. Мен Қырғызстанның сыртқы істер министріне қоңырау шалдым. Мен оған егер Гүлен жақтастарына қарсы шара қолданбасаңдар, біздің қарым-қатынасымыз өзгереді дедім. Кезінде біз қырғыз еліне білім беру саласында көмектестік. Бірақ Гүлен жоспары басқа болып шықты», - дейді Чавушоглу.

Еске сала кетейік, 16 шілдеге қараған түні Түркияда әскер төңкеріс әрекеті болды. Бірақ билік дер кезінде оларды басып тастады. Бүлікке қатысы бар деп бірнеше мыңдаған жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери қызметкерлер, судьялар ұсталды. Осыдан кейін Түркияда 43 мың жекеменшік мектеп, мыңдаған қорлар, ондаған денсаулық сақтау мекемелері және 15 жоғары оқу орны жабылды. Олардың бәрі да Гүленге қатысы бар деп күдікке ілінген.

Түркия билігі әскери төңкерісті АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүлен жасамақ болды дейді. Ресми Анкара АҚШ билігінен оны экстрадициялауды сұрады. Өз кезегінде 75 жастағы Гүлен бүлік әрекетіне қатысы барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG