Ссылки доступа

Бішкек «гүленшілердің» мәселесі бойынша Анкараға жауап берді


Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі елдегі жекелеген білім мекемелеріне қатысты Түркия сыртқы істер министрі Мевлет Чавушоғлудың мәлімдемесіне жауап жазды. Қырғызстан СІМ мәлімдемесінде қырғыздар Түркияны ағайынды ел деп есептейтіні, екі халықтың түпкі тарихы бір екені жазылған.

«Біз түрік шенеуніктерінің алаңдаушылығына түсіністікпен қараймыз. Бірақ біз ең әуелі Қырғызстанның жақсы мен жаманды өзі айыра алатын егеменді ел екенін еске салғымыз келеді. Қайсыбір елдің сыртқы істер министрінің, ультиматум және бопсалау тілімен, өзге бір мемлекетке не істеу керектігін нұсқау – дөрекілік», - делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін Чавушоғлу, Аланья қаласында жасаған баяндамасында, Қырғызстанның «гүленшілерге» көзқарасы өзгермесе, бұл жағдай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді деп ескерткен. Түркия сыртқы істер министрі 25 шілдеде «HaberTurk» телеарнасына берген сұхбатында осы сөздерін тағы қайталап, Фетхуллах Гүлен қозғалысы Қырғызстанда күшейіп барады дегенді қоса айтты.

«Біз бірқатар елге ескерту жасадық. Мысалы, Қырғызстанның сыртқы істер министріне телефон соқтық. Өйткені олар (гүленшілер) Қырғызстанды Орталық Азиядағы базасына айналдырып алды. Олар билікке келе бастады және Қырғызстанда төңкеріс жасауы мүмкін. Түркияда әскери төңкеріс жасауға талпынған террористік ұйымның қызметіне жол бермеу керек деп есептеймін», - деп мәлімдеген Чавушоғлу.

XS
SM
MD
LG