Ссылки доступа

Мұнай сервистік компаниясының қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартты (видео)


Қазақстанның Маңғыстау облысындағы «Бұрғылау» мұнай сервистік компаниясының жүздеген жұмысшысы бүгін таңертең жұмысқа шығудан бас тартып, кәсіпорын басшылығына талап қойды. Жұмысшылар мен кәсіпорын басшыларының, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерінің келіссөздерінде айқай көп болды.

Бұрғылау құрылғылары орналасқан аймаққа барулары керек болған жүздеген вахташы Жаңаөзендегі автобус бекетінің маңына жиналып, жалақы мен жұмыс уақытының қысқартылуына наразылықтарын білдірді. Жиналғандардың айтуларынша, жұмыс беруші дағдарыстың салдарынан ақша жетіспейді дегенді алға тартып келеді, бірақ бұрғылау қондырғыларындағы жұмыс жоспары күнделікті орындалып отыр.

Бұған қоса, вахташылар компания басшылығының ұжым атынан сөйлейтін белсенділерді қудалап, жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. Соған байланысты олар «Бұрғылау» компаниясының бас директоры Асхат Сариевтің жұмыстан кетуін талап етті. «Сағатты қысқартып тастады. Кәсіпорында 2200 адам істейді. Жарты жылда 66 адамды жұмыстан шығарды», - деді мұнай операторының көмекшісі Ақылбек Нұрлыбаев.

Жиналғандар мекеме кәсіподағына сенімсіздік білдіріп, кәсіподақ жетекшілігіне өздері сайлап алған Сәдуақас Бекқалиевтің жұмыс істеуіне кедергі келтірмеулерін талап етті. Бекқалиевтің өзі бүгінгі жиында болған жоқ. Жұмысшылардың айтуларынша, оны полицияға тергеуге алып кеткен. Жұмысшылар наразылықтың төрт күн бұрын басталғанын мәлімдеді, бірақ қалаға БАҚ өкілдері келмейінше, кәсіпорын басшылығы мен жергілікті билік өкілдері олардың талаптарына құлақ аспай келген.

Жұмысшылармен кездесуге келген «Бұрғылау» компаниясының бас директоры Асхат Сариев кәсіпорында белсенділерді қудалайды деген айыптауларды жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG