Ссылки доступа

Хиллари Клинтон АҚШ президенттігіне үміткер болу ұсынысын қабыл алды


Хиллари Клинтон бейсенбі күні кешке Демократиялық партия съезінде қорытынды сөз сөйлеп, Құрама Штаттар президенттігіне үміткер болу ұсынысын қабылдағанын мәлімдеді.

Клинтон өзін ел басқаруға қажетті қасиеттер мен тәжірибеге ие жетекші ретінде таныстырды. Ол өзін Республикалық партияның үміткері Дональд Трампқа қарсы қоя білді. Клинтонның пікірінше, «болмашы ғана арандатушылыққа шыдай алмайтын» адам мемлекет басшысы болуға дайын емес. «Мәселелерді жалғыз өзім шешем деп айтатын адамға сенбеңіздер, - деді Клинтон бұл съезде, - Америкалықтар олай демейді. Біз үнемі мәселелерді бірге шешеміз деп айтамыз».

Съезд Демократиялық партияның бірлігін паш етті. Дегенмен Хиллар Клинтонға бұл жиында күрделі мақсаттарды орындау керек болатын: Барак Обама президенттік еткен жылдарда экономикалық өсімнің төмен болуына алаңдаған, терроризм қаупімен өткен соңғы сегіз жылдағы бағытты әрі қарай жалғастыру - жақсы нәтижелер береді дегенге күмәнмен қарайтын сайлаушылардың сеніміне кіру. Дональд Трамп болса ел дағдарып қалды деумен келеді.

Республикалық партияның бір апта бұрын өткен съезіндегі Трамтың сөздері көптеген америкалықтың көңілінен шықты. Соның нәтижесінде Трамп екі айдан бері жалғасып келе жатқан президенттік үшін күресте алғаш рет Клинтонды қоғамдық сауалнамада басып озды. Клинтонның жақтастары оның жарқын болашаққа деген сенімі саяси науқанда жетекші орынға қайта оралуына көмектеседі деп есептейді.

XS
SM
MD
LG