Ссылки доступа

Қазақстанда оппозициялық саясаткерді бостандыққа шығарады


Оппозициялық саясаткер, тіркелмеген "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов мерзімінен бұрын шартты түрде босатылатын болды деп хабарлады құқық қорғаушы Евгений Жовтис Facebook-те.

"Сот Козловты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарды. Сот шешімі 15 күннен соң күшіне енеді" деп жазды Жовтис.

Козлов өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті 16 маусымда беріп, оны Қапшағай қалалық соты қараған.

Бұған дейін адвокат Айман Омарова Козловтың 2 тамызда Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде "түрме ішіндегі түрме" - қатаң жағдайдағы абақтыдан жалпы режимдегі абақтыға ауыстырылғанын хабарлаған.

Владимир Козлов қатаң жағдайдағы абақтыда бір жылдан астам уақыт болған. Оны 2015 жылдың 27 шілдесінде 10 күн түрме карцерінде ұстағаннан кейін қатаң жағдайдағы абақтыға жапқан. Биыл көктемде түрме комиссиясы Козловтың тәртібін "нөлдік деңгейде" (теріс, я оң емес) деп бағалағанымен, оны қатаң тәртіптегі абақтыда қалдырған.

Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасына қатысты "әлеуметтік алауыздықты өршіткен" деген айыппен 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған. Владимир Козлов пен жақтастары билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі.

XS
SM
MD
LG