Ссылки доступа

Екі жылда 45 мыңға жуық ИМ содыры Ирак пен Сирияда өлтірілді


"Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы жүргізілген әскери қимылдар нәтижесінде, екі жылда Ирак пен Сирияда шамамен 45 мың содырдың көзі жойылды. Бұл туралы АҚШ-тың Сирия және Ирактағы операцияларының қолбасшысы генерал-лейтенант Шон Макфарланд мәлімдеді, деп хабарлады dpa.

Макфарландтың айтуынша, майдандағы содырлар саны азайып келеді, ал ИМ ұйымына шетелден көмекке келушілер де қазір көп емес. Бірақ ол көзі жойылған содырлар саны нақты көрсеткіш емес екендігін ескертіп өтті.

Бұған дейін Франция және АҚШ ИМ-нің негізгі бекіністерінің бірі орналасқан ирактық Мосул қаласына соққы жасауды көздегенін хабарлады. 2016 жылы сәуірде АҚШ президенті Барак Обама Ирактағы Мосулды және Сириядағы Раккуды азат еткісі келетінін мәлімдеген еді.

2016 жылы мамырда АҚШ Әскери әуе күштері Сирия және Ирактағы әуе шабуылдарын жалғастыру үшін ИМ-ге дәл соққы беретін бомбалар тапшы екенін хабарлады. АҚШ-тың "Ислам мемлекетіне" қарсы әуе соққылары басталғалы бері Сирия жен Ирак аумағына 20 мыңнан астам бомба тасталды, әскери науқан кезінде қару-жарақ қоры сарқылған.

АҚШ қолбасшылық ететін халықаралық террорға қарсы коалициясының аймақтағы содырларға әуе соққылары 2014 жылы тамызда басталған еді.

XS
SM
MD
LG