Ссылки доступа

Украинада сепаратистер жағында әскери қимылдарға қатысқан өзбекстандық ұсталды (видео)


Украинаның қауіпсіздік қызметі Донбаста украиналық жауынгерлерді атқылауға қатысқан Өзбекстан азаматын қолға түсірді. Донецк облысы прокуратурасының мәліметі бойынша, 20 жастағы Ташкент тұрғыны ресейшіл сепаратистер қатарында граната лақтырушы болып істеген.

Донецк облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Татьяна Павленконың "Азаттыққа" хабарлауынша, ұсталған азаматтың мойындалмаған "Донецк Халық Республикасының" сепаратистері сапында граната лақтырушы болып істегенін айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер бар.

"Тергеу барысында 1996 жылы туған Өзбекстан азаматының "ДХР" террористік тобының қатарына 2014 жылы желтоқсанда өз еркімен қосылғаны анықталды. Заңсыз әскери құрылым құрамында жүріп ол Украина қарулы күштеріне қарсы оқ атқан", - деді Павленко.

Украина қауіпсіздік қызметінің ресми сайтында жарияланған бейнетаспада жас жігіт өзін Брыкин Александр Витальевичпін деп таныстырған. Оның айтуынша, "ДХР" әскери бөлімдерінде ол "Стрелок" бүркеншік атымен әскери қимылдарға қатысқан.

Өзбекстан азаматының 13 тамызда сепаратистерден қашып шығып, украиналық арнайы қызмет өкілдерінің қолына түсіп қалғаны белгілі болды. Қазір күдікті тергеу абақтысында отыр.

XS
SM
MD
LG