Ссылки доступа

Назарбаев жер кодексіне өзгеріс енгізуді бес жылға тоқтатты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне өзгеріс енгізуге жарияланған мораторий мерзімін 2021 жылдың желтоқсанына дейін ұзартты. Көпшіліктің наразылығын туғызған заң жобасы аграрлық жерлерді жекешелендіруге және шетел азаматтарына ұзақ уақытқа жалға беруді көздейтін.

Қазақстан президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 тамызда "жер реформасы жөніндегі комиссияның қорытындылары талқыланып, жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды".

Назарбаев биыл мамыр айының басында мемлекеттік ауыл шаруашылық жерлерін жекешелендіру жөніндегі керағар заңды 2017 жылға қалдырып, жер реформалары жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының мұндай шешіміне 24 сәуірден бастап Қазақстанның бірнеше қаласын қамтыған жаппай наразылық шерулері себеп болды.

Наразылық акцияларына қатысушылар бұл заңның қабылдануы шетел азаматтарына құнарлы жерлердің иесі болуына жол ашады деп қауіптенді.

Жерді сатуға және жалға беруге қарсы шыққандар жер саудасына қатысты аукциондардың әділдігіне күмән келтіріп, соның нәтижесінде диқаншылар жерсіз қалып, бизнес-элита өкілдері барлық құнарлы жерге иелік етеді деп алаңдады.

XS
SM
MD
LG