Ссылки доступа

Еуроодақ қазақ оппозиционерінің бостандыққа шығуын қуаттайды


Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі ресми өкілі Қазақстанда 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғадан соң түрмеге қамалған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуын жағымды жаңалық ретінде бағалады.

«Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, қазіргі кезде елде қамауда отырған немесе бостандығы шектелген азаматтық қоғам белсенділерінің құқықтары толық қалпына келіп, еркіндік алуы үшін кезекті қадам жасалуы тиіс» делінген «Интерфакс» агенттігі сілтеме жасаған Еуропа Одағы мәлімдемесінде.

Құжатта Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту туралы келісім тараптарды адам құқығын қорғау, соның ішінде адам құқығы жөніндегі диалогтарды кеңейту арқылы ынтымақтасуға міндеттейтіні айтылған.

«Тәуелсіз әрі белсенді азаматтық қоғам елдің тұрақты дамуы үшін шешуші маңызға ие» деп атап көрсеткен Еуропа одағының өкілі.

Қазақ билігі қызметіне тыйым салған оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы қанды оқиғалардан соң 2012 жылы қазанда «әлеуметтік араздық қоздырған» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзендегі оқиғада 16 адам мерт болып, 100-ден астамы жараланған. Саясаткердің жақтастары мен адам құқығын қорғаушылар Козловқа тағылған айыптың саяси астары бар деп есептейді.

XS
SM
MD
LG