Ссылки доступа

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының өкілін азаптаған деген қауесет расталмады


Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясы төрағасының орынбасары Махмадәлі Хаиттың жұбайы күйеуінің тергеу абақтысында азапталғаны туралы қауесетті жоққа шығарып, саясаткердің жағдайы жақсы екенін хабарлады. Савринисо Жураның айтуынша, 20 тамызда таңертең ол Әділет министрлігінің тергеу абақтысында отырған күйеуімен бір сағатқа кездескен.

Махмадәлі Хаит азаптау салдарынан мүгедек болып қалды деген қауесет тараған соң, Жоғарғы сот сотталушының әйеліне саясаткермен кездесуге рұқсат берген. «Оның жағдайы жақсы. Денсаулығы да жаман емес. Алаңдауға себеп жоқ», - деді саясаткердің әйелі Азаттық радиосына.

Заңға сәйкес, Хаиттың туыстары оны жарты жылда бір мәрте көруге құқылы. Келесі кездесу төрт айдан соң болуы керек еді, бірақ Жоғарғы сот саясаткердің әйелініне заңда белгіненген уақыттан бұрын кездесуге рұқсат берді.

Екі күн бұрын шетелдегі тәжік оппозициялық сайттары Махмадәлі Хаиттың денсаулығы азаптау салдарынан нашарлап кетті деп хабарлаған. Дегенмен Әділет министрлігіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Тәжікстан Жоғарғы соты 2 маусымда Ислам өркендеу партиясының 14 жоғары лауазымды мүшесіне үкім шығарды. Жабық сот процесі барысында партия төрағасының екі орынбасары - Саидумар Хусайни мен Махмадәлі Хаит өмір жазасына кесілді. Партияның қалған мүшелерін 14 жылдан 28 жылға дейін соттады. Сот оларды өткен жылғы қыркүйек бүлігіне қатысқан деп айыптады.

XS
SM
MD
LG