Ссылки доступа

Қорғаныс министрлігіндегі жаңа «коррупциялық» іс


Қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық жаңа іс бойынша 10 айыпталушы қамауға алынды. Қорғаныс министрлігін Иманғали Тасмағамбетов басқарған 2014 жылдың күзінен бері ведомствода мұндай жанжал болған емес.

«Қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық іске» қатысты 10 адам айыпталғанын Азаттыққа Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Ертеректе ҰҚК «8 тамыз күні ҰҚК-ге қарасты әскери қарсы барлау департаменті қызметкерлері қарулы күштердің материалдық-техникалық жабдықтау бас басқармасы бастығының орынбасары подполковник Төлеміс Жұмқазиевті 20 миллион теңге (шамамен 59 мың доллар) көлемінде пара алып жатқан кезде ұстады» деп мәлімдеген.

Есіл № 2 аудандық соты ішінде «бас» күдікті – арасында қорғаныс министрлігінің подполковнигі Төлеміс Жұмқазиев те бар сегіз айыпталушыны екі айға қамауға санкция берген. Болжам бойынша, олар Астанадағы ҰҚК тергеу абақтысында отыр. Іске қатысты айыпталушылардың екеуі осы мерзімге үй қамағына алынған.

Қорғаныс министрлігі жауабында «Қазір құзырлы орган қарулы күштер қажетіне мемлекеттік сатып алу аясында бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сондықтан тергеу мүддесі үшін іске қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды» делінген.

Ертеректе таратқан баспасөз хабарламасында ҰҚК қылмыстық іс аясында «көп көлемде отандық және шетел валютасы алынды» деп мәлімдеген болатын. «Қорғаныс ведомствосының конкурстық комиссия төрағасы болған Т. Жұмқазиев кәсіпкерлердің мүддесі үшін лобби жасаған, ал өзінің заңға қайшы әрекеттерін бүркемелеу үшін қорғаныс министрлігі мен қаржы министрлігіне қарасты қадағалау органдарында лауазымды қызмет атқаратын тұлғалардың мүмкіндігін пайдаланған» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG