Ссылки доступа

Мәскеудегі банк бөлімшесіне шабуылдаушы билікке өз еркімен берілді


Сәрсенбі күні Мәскеу орталығындағы "Ситибанк" бөлімшесіне шабуылдаған ер кісі кепілге алған алты адамды босатып, одан соң билікке өз еркімен берілді. Кепілге түсіп қалғандардың бірі - ТАСС агенттігі бас редакторының орынбасары Глеб Брянский.

Шабуылдаушы жарылғыш деп көрсеткен зат тұз салынған қорап болып шықты. Күдіктінің есімі белгілі, ол - 55 жастағы банкрот болған кәсіпкер Арам Петросян.

Бұған дейін кәсіпкер YouTube'те Ресей президентіне бейнежолдау жариялап, онда жеке және заңды тұлғалардың банкротқа ұшырауын кесел деп тануын, банкроттық мәселелер жөніндегі жаңа институт құруын талап еткен. Талап орындалмаған жағдайда, ол Қылмыстық кодексті "көпшіліктің көзінше" бұзатынын ескерткен.

"Интерфакс" мәліметі бойынша, кәсіпкер бұған дейін төрт, ал қазір екі фирманың бас директоры болып шықты, компаниялардың салықтары төленбегені анықталды.

Бұған дейін хабарланғандай, "Ситибанк" бөлімшесіне сымдары көрінген қорапты мойына асып алып кірген белгісіз біреу ғимаратты жарып жіберетінін мәлімдеді. Ол полициямен келіссөздер жүргізуді, шабуыл туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде таратуды талап етті.

Кісіні кепілге алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

XS
SM
MD
LG