Ссылки доступа

Қырғызстанда 29 тамыз - Аза тұту күні


Қырғызстанда 29 тамыз - Аза тұту күні болып жарияланды. Президент Алмазбек Атамбаев тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Жарлыққа сәйкес, 2016 жылдың 27 тамызында шамамен бір уақытта екі бірдей қайғылы оқиға тіркелді - Қырғызстанның 14 азаматы Мәскеудегі өрттен қаза тапса, тағы тоғызы Бішкек-Ош күре жолындағы көлік апатынан мерт болды.

"Қырғызстан халқы үшін бұл орны толмас қаза. Мемлекеттік органдар қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетіп жатыр. Қандастарымыздың өлімінің себептерін әділ тергеу үшін жұмыстар атқарылуда, соның ішінде Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарымен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр", - делінген жарлықта.

Аза тұту күні Қырғыз Республикасының барлық аймақтарында, сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық және консулдық уәкілдіктерде ҚР мемлекеттік туы төмен түсіріледі. Мәдениет мекемелері мен телерадиокомпанияларға ойын-сауық шараларын кейінге қалдыру ұсынылады.

Еске салайық, 27 тамызда Мәскеудегі баспахана қоймасындағы өрттен 17 адам қаза тапты, солардың 14-і - Қырғызстан азаматтары. РФ ТЖМ мәліметі бойынша, өртке ғимараттың бірінші қабатындағы күнгізгі жарық шамынаның ақауы түрткі болған.

XS
SM
MD
LG