Ссылки доступа

АҚШ пен ЕО Киевтегі телеарнаға жасалған шабуылды айыптады


АҚШ пен Еуропа Одағы елдерінің биліктері Киевтегі ресейшіл телеарнаны өртеу әрекетін айыптап, мұның "дұрыс еместігін" баса айтты.

4 қыркүйек күні "Интер" телеарнасының штаб-пәтерінде болған өрттен бес қызметкер зардап шеккен. "Біз "Интерді" өртеу оқиғасын тергеуді қолдаймыз және оның нәтижелерін мұқият бақылаймыз" деп мәлімдеді америкалық консул.

Украина билігі өртке қатысты алты күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Болжам бойынша, телеарна ғимаратына тұтанғыш құты лақтырып өртеген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) телеарнаға жасалған шабуылды қатаң айыптады. ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович "редакция арандатушылық немесе жалған ақпарат таратумен айналысса да, оған қарсы жасалған зорлықты ақтай алмайтынын" мәлімдеді.

Миятович украиналық күш құрылымдарының жедел әрекет еткенін, Украина президенті Петр Порошенко мен Журналистер одағының шабуылды айыптағанын құптады. Дегенмен ол биліктің кейбір өкілдері мен жекелеген топтар бұл телеарнаны Украина мүддесіне сай еместігі үшін айыптап, тілшілерінің жұмысына кедергі келтіруге күш салғанын еске салып өтті.

XS
SM
MD
LG