Ссылки доступа

Қырғызстан Бакиевті ұстап беруін Беларустен тағы талап етті


Қырғызстан бас прокуроры Индира Жолдубаева мен оның беларустық әріптесі Александр Конюк бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті қырғыз билігіне беру туралы мәселені талқылады. Екі жақты кездесу Минск қаласында өтті, деп хабарлады қырғыз прокуратурасының баспасөз қызметі.

Жолдубаева қырғыз сотының қазір Беларусь аумағында тұратын Құрманбек Бакиев пен оның жақтастарына шығарылған үкімін еске салып өтті. Келіссөз нәтижесі хабарланған жоқ.

Еске салайық, Минск қаласында ТМД елдері бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің 26-шы отырысы өтіп жатыр. Олар терроризме қарсы тұру, есірткі контрабандасы, адам саудасы және сыбайласқан жемқорлық мәселелерін талқылады.

Қырғызстанның құқыққорғау органдары беларустық әріптестерінен Бакиевті ұстап беруін бірнеше мәрте талап еткен. Бірақ Беларусь өз азаматтарын шетелге бермейді деп жауап берген.

Қырғызстанда Құрманбек Бакиевті сыртта өмір жазасына кесті. 2016 жылы 29 маусымда Жоғарғы сот оны 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, өйткені заң бойынша 60 жастан асқандарға өлім жазасы тағайындалмайды.

XS
SM
MD
LG