Ссылки доступа

Тәжікстанда вице-премьердің ұлы қатысқан көлік апатынан екі кісі қаза тапты


Тәжікстан ІІМ республика вице-премьері Давлатали Саидовтың ұлы Фаромуз Саидов қатысқан көлік апатын тергеп жатыр. Апат салдарынан екі кісі қаза тапты. Оқиға 10 қыркүйек түнінде Душанбе қаласында тіркелген.

Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметі Умарджон Эмомалидің хабарлауынша, апат "кездейсоқ" болған және бұны "әдейі жасалған қылмыс деп бағалауға болмайды". Оның айтуынша, "мұндай апаттар күнде болып тұрады және ол әділ тергеледі. Апаттан көлік жүргізушісі де зардап шекті. Ол ауруханада жатыр".

Министрлік өкілі үш кісінің өлгені туралы бұған дейін таралған хабарларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, көлік апатынан 25 жастағы Душанбе тұрғыны мен Варзоб ауданының тұрғыны қаза тапқан. "Тойота Камри" көлігін басқарған делінетін Фаромуз Саидовтың өзі де зақымданған. Әзірге қылмыстық іс қозғалар-қозғалмасы және бұл оқиғаны қандай бапқа жатқызатыны белгісіз.

Дереккөз мәліметі бойынша, түн жарымында Фаромуз Саидов көлігімен "Роял Клаб" ойын-сауық кешенінен шыққан. Көлік жүргізушісінің жанында Хилола Рахимова болған. "Фаромуз Саидов сағатына 120 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүріп отырды. Жолдың қарсы бағытындағы көліктердің жарығы оның көзін тұмшалаған болуы керек, ол жол құрылысшыларын байқамай қалды. Соқтығыс болды".

23 жастағы Фаромуз Саидов - Тәжікстан вице-премьері Давлатали Саидовтың ұлы. Оның әкесі бұған дейін Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, Тәжікстанның Жапониядағы елшісі және Инвестиция мен мемлекеттік меншік жөніндегі комитет төрағасы қызметтерін атқарған.

XS
SM
MD
LG