Ссылки доступа

Қырғызстан үкіметі енді Өзбекстан делегациясын еліне шақырады


Қырғыз үкіметі Өзбекстан делегациясын еліне шақыруды көздеп отыр. Бұл туралы ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Толгонай Стамәлиева хабарлады. Қырғыз-өзбек қарым-қатынасын дамытуға арналған жиын Ташкент бастамасымен бұған дейін Өзбекстанда өткен еді.

Стамәлиеваның айтуынша, қырғыз премьер-министрі көрші елдердің бірлескен форумын енді Қырғызстанда өткізу туралы тапсырма берді, жиын жақын күндері ұйымдастырылады, оның нақты уақыты әлі белгіленген жоқ.

Еске салайық, 1 қазанда қырғыз үкімет басшысының орынбасары Мұхамметқали Абулғазиев бастаған қырғыз делегация өзбектердің шақыртуымен Әндіжан қаласында қырғыз-өзбек әріптестігін дамыту жиынына қатысқан еді.

Хабарларға қарағанда, осы сапар аясында қырғыз делегациясы жергілікті орта мектепті, Әндіжан мемлекеттік университетін, Әндіжан достық үйін аралап, осындағы қырғыз диаспорасымен кездесті.

Кездесу нәтижесінде шекаралас көрші елдердің үш облысы - Ош, Баткен, Жалал Абад және Әндіжан, Ферғана, Наманган арасында өзара тиімді әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұған қоса, аталған облыс басшылығы шекаралас өңірлердегі тұрғындардың мәселелерін шешу үшін ай сайын кездесіп тұратын болды.

XS
SM
MD
LG