Ссылки доступа

Қырғызстан парламенті кәмелет жасқа толмағандарды мұсылманша некелестіруге тыйым салды


Жогорку Кенеш депутаттарының үшінші оқылымда қабылдаған заң жобасы бойынша, кәмелет жасқа толмағандарды мұсылманша некелестіруге тыйым салынды. Жоба Қырғызстанның Отбасылық және Қылмыстық кодекстеріне өзгеріс енгізуді қарастырады.

Заң жобасы авторларының бірі Аида Салянованың айтуынша, бұл құжат балаларды діни әдеп-ғұрыппен некелестіруге тыйым салу мақсатында жазылған.

Заңдарға енгізілетін өзгертулер бойынша, некелестірген адам және оған қатысқандар қылмыстық жауапқа тартылып, олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Статистика бойынша, Қырғызстанда қыздардың 15 пайызы 18 жасқа дейін, ал 1 пайызы 15 жасқа дейін тұрмысқа шығады. Зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, Еуразиядағы 35 елдің ішінде Қырғызстан ерте жастағы неке бойынша бесінші орында тұр.

Омбудсмен институтындағылар атап өткендей, құқықтық сауаттылықтың төмен деңгейіне байланысты, әсіресе ауыл тұрғындары заңды неке мен некелестіру салты арасында айырмашылық жоқ деп ойлайды. Олар мұсылманша некелестірілген әйелдің заңдық құқыққа ие болмайтынын және мұрагерлікке таласа алмайтынын білмейді, сол себепті ол мемелекеттің материалдық көмегінен де құр қалады.

XS
SM
MD
LG