Ссылки доступа

Ежелгі Бұлғардағы ескерткішті бұзақылар бүлдіріп кетті


1552 жылы Қазан қаласын орыстар жаулап алуына орай Татарстанда атап өтілетін Еске алу күні қарсаңында белгісіз біреулер Успенск шіркеуіндегі қабір үстіндегі құлпытастарды әктеп кетті. Бұл туралы экскурсия жетекшісі Айрат Хатмулла хабарлады.

"Шіркеу құрылысына қолданылған қабір үстіндегі құлпытастар ерекше көзге түсетін еді. Соны әктеп кетіпті. Мұндағы нысандардың барлығы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған - оларды бүлдіруге болмайды. Жақында вандалдар Қазанда мұсылман зиратындағы қабірді талқандап кеткен. Бұлардың бәрін бір адам істеп отыр деп ойлаймын. Өкінішке орай, мен бұл туралы Бұлғар тарихи қорығының басшылығына хабарлап үлгермедім, өйткені апта соңында ешкім орнында болған жоқ. Бұл әрекетті мен мұсылмандарды мазақ ету деп есептеймін. Мен ғана емес, туристер де қатты шошып кетті", - деді Айрат Хатмулла.

Бұлғардағы Успенск шіркеуі 1732-1734 жылдары қазандық көпес Михляевтің қаражатына салынған. Шіркеу құрылысына Еділ Бұлғарлары заманынан қалған материалдар, солардың ішінде араб және армян жазулары бар қабір бетіндегі құлпытастар қолданылған. Осы шіркеуге жақын маңда мешіт, Хан сарайы, Солтүстік және Шығыс кесенелері орналасқан.

Бұлғар - ежелгі қала, Еділ бұлғарлары мемлекетінің астанасы. Ол Қазан қаласынан 200 шақырым жерде, Еділ өзенінің келесі бетінде орналасқан.

XS
SM
MD
LG