Ссылки доступа

Түркіменстанда жүздеген адам темекіге кезекке тұрады


Түркіменстандағы мемлекеттік дүкендерде темекінің қайтадан сатыла бастауынан ұзыннан-ұзақ кезек пайда болды. Тіпті темекі шегушілер мен тәртіп сақшылары қақтығысып қалды.

Ашхабадтағы мемлекеттік дүкендерде бір жарым ай сатылмаған темекі қайтадан саудаға шығарылды. Бағасы - 19 манат (шамамен 5,5 доллар). Дегенмен кезекке тұрған жүздеген адамның ондағаны ғана темекі сатып ала алды. Оның үстіне, адам басына бір қорап қана темекі сатылады, әйелдерге темекі сатуға тыйым салынған.

Темекіге сұраныстың көптігінен, оның саудасы 40 минутта бітіп қалып жатыр. "Дүкенге жетем дегенше темекі бітіп қалады. Соған қарамастан 200-дей адам жаңа сатылымды күтіп кезекте тұрады", - деді сатып алушылардың бірі.

Хабарларға қарағанда, Дашоғыз облысында жексенбі күні кезекте тұрғандар мен полиция қызметкерлері керісіп қалды. "Полиция кезекте тұрғандарды таратуға талпынған, олар адамдардың автокөліктерінің мемлекеттік нөмірлерін шешіп ала бастады. Адамдар полиция қызметкерлеріне қарсы шығып, ол нөмірлерді қайтарып алды", - деді жергілікті тұрғын.

Еске салсақ, 2011 жылы Түркіменстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "Темекімен күрес" конвенциясын қабылдады, содан бері елді темекі өнімдеріне шектеу енгізілген.

.

XS
SM
MD
LG