Ссылки доступа

Ресейде өткен коррупцияға қарсы акцияда 1400 адам ұсталды


Дүйсенбі күні Ресейдің ондаған қаласында саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары ұйымдастарған коррупцияға қарсы митингтер өтті. Полиция акцияны заңыз деп танып, қатысушыларды жаппай ұстады.

Соңғы ақпарат бойынша, Мәскеуде 731 адам, Санкт-Петербургте шамамен 500 адам ұсталған. Полиция қатысушыларға күш қолданған. Ресейдің басқа қалаларында 140 адам ұсталған. Қамауға алынғандардың жалпы саны 1400-ге жеткен.

Навальныйдың өзін Мәскеудегі үйінің алдында акцияға шығып бара жатқанда ұстап әкеткен. Ол митинг өткізуде заңды бұзды деген айыппен 30 тәулікке қамалуы мүмкін. Коррупцияға қарсы күрес қорының кеңсесінде электр жарығы мен интернетті сөндіріп тастаған.

Митинг алдында Навальный академик Сахаров даңғылында рұқсат етілген митингті Тверск көшесіне ауыстыру жөнінде мәлімдеген. Мәскеу мэрі қатысушылар ұрансыз, плакатсыз жүретін болса ғана Тверск көшесіне өткізуге рұқсат берген.

Митинг өткізуге Ресейдің үкімет басшысы Дмитрий Медведевке тиесілі болуы мүмкін делінген зәулім үйлер мен жер учаскелері жөніндегі зерттеу фильмі себеп болды.

XS
SM
MD
LG