Ссылки доступа

"Жұмыста сексуалдық қысым көрген" әйел жеті миллион теңге талап етеді


Қостанай облысындағы Перцевка кентінің тұрғыны Анна Белоусова «жұмыс орнында жыныстық сипаттағы қысым көргені үшін» Қазақстан қаржы министрлігінен өтемақы ретінде жеті миллион теңге (22 мың доллар) өндіртіп беруін сұрап Астананың Сарыарқа аудандық сотына шағым түсірген. Бұл туралы қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының Қостанайдағы филиалының жетекшісі, заңгер Анастасия Миллер хабарлады.

«Бұдан екі жыл бұрын БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Қазақстан 34 жастағы Анна Белоусованың құқығын бұзған деп танып, Қазақстан мемлекетін бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырған» деп жазылған Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының сайтында. Бірақ мемлекет тарапынан сол күйі ештеңе істелген жоқ дейді құқыққорғаушылар.

Азаттық бұған дейін 1999 жылдан бастап ауыл мектебінде жұмысшы болып істеген Анна Белоусованың еңбек келісім-шарты жыл сайын ұзартылып келгені, алайда 2010 жылы мектепке жаңа директор келген соң жағдай өзгергені туралы жазған. Белоусова өзін мектеп директорының «жыныстық қатынасқа мәжбүрлемек болғаны және ақша талап еткен» туралы мәлімдеген.

Директордың өзі Белоусованың таққан айыптарын жоққа шығарған. Мектеп директоры 2011 жылы бұл іс бойынша сотта жеңіске жеткен. Сот Анна Белоусованы мектеп директорынан көпшілік алдында кешірім сұрауға және сот шығынын толық өтеуге міндеттеген.

XS
SM
MD
LG