"Ислам мемлекетінің" жетекшісі делінетін адамның қазасы туралы бұған дейін баспасөзде бірнеше мәрте хабарланған. Бірақ ол ақпаратты кейін жоққа шығарып келді. Соңғы мәрте ИМ жетекшісінің өлімі туралы мәлімет өткен аптада жарияланды. Бірақ осы уақытқа дейін әскери мекемелер мұндай мәлімдеме таратпаған еді.
Қорғаныс министрлігінің хабарламасында әл Бағдадидің қазасы туралы мәлімет тексеріліп жатқаны жазылған.
Әл Бағдади "Ислам мемлекеті" тобын 2014 жылы маусымда басқара бастады. Экстремистер Сирия мен Ирактың үлкен бөлігін жаулап алып, ықпалын арттыруға тырысты. Ұйымды адамзатқа қарсы жасалған көптеген қылмысы үшін айыптап отыр.
"Ислам мемлекеті" делінетін топпен АҚШ басқаруындағы халықаралық коалиция да күресіп келеді. 2015 жылы қыркүйекте Ресей Сириядағы әскери операциясын бастады. Кремль оны исламшылдармен күрес деп атады.