Ссылки доступа

Қырғыз оппозиция жетекшісінің ісінде жаңа - сегізінші том пайда болды


Қырғызстандағы оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев пен төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы министр Дуйшенкул Чотонов ісінде жаңа - сегізінші том пайда болды, дейді заңгер Қанатбек Әзіз. Facebook'тегі парақшасында адвокат бұл томның бар екендігін бүгін ғана білгенін жазды.

"Бұл істе сегізінші томның құпия жағдайда пайда болғанын бүгін ғана білдік. Оны судья, прокуратура, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінен басқа ешкім көрмеген. Судья Эрнис уулу Айбекке бұл томды ешкім көрмеген деп айтқанда, ол маңызды құжат емес деп жауап берген. Сол себепті, айыпталушылар бұл томмен танысуға уақыт сұрады", - деді заңгер.

Первомай аудандық сотының судьясы Эрнис уулу Айбек екі сотталушы мен оның адвокаттарына бұл құжатпен танысуға бір күн, 22 маусымға дейін уақыт берді.

Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Рахат Сулайманов адвокаттардың мәлімдемесіне пікір білдірді. "Сегізінші том қылмыстық істі сотқа тапсырған уақытта берілген. Адвокаттар сегізінші томның бар екені туралы біледі, оларда мәлімет болды. Сол арқылы олар істі түрлі әрекеттермен созуға тырысып отыр", - деді ол.

Еске салайық, Өмірбек Текебаевқа "Мегаком" компаниясының ісіне қатысты пара алған деген айып тағылды. Саясаткерді 26 ақпанда қамауға алды. Онымен бірге Дуйшенкул Чотонов ұсталды. Екеуі де тағылған айыпты жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG