Ссылки доступа

Өзбекстандық студент Түркия президентінің күзетшісін өлтірді деген күдікке ілінді


Өзбекстан азаматы Фарида Байрамова тұтқындалып, өткен аптада Стамбул полициясына жеткізілген. Ол Түркия президентінің күзет қызметінде жұмыс істейтін 24 жастағы Рамазан Озчелекті өлтірді деген күдікке ілінген. Ол қазір полицияның террорға қарсы бөлімінде тергеліп жатыр. Бұл жөнінде Стамбул полициясының өкілі хабарлады.

Haberturk газетінің жазуынша, түрік президенті Режеп Ердоғанның күзетшісінің денесі Стамбулдағы Бейликдюзю ауданындағы пәтерден табылған. Басылымның мәліметінше, пәтердің иесі - Исмет Инёню атындағы университеттің фармацевтика факультетінің студенті Фарида Байрамова.

Haberturk газетінің қылмыстық жаңалықтар бөлімінің қызметкері Сарияр Муслимнің айтуынша, 24 жастағы Рамазан Озчелек 2016 жылдан бері Түркия президентінің күзет қызметінде жұмыс істеген. Ол Байрамованың пәтерінде басына тиген оқтан жан тәсілім еткен. Қылмыстық оқиға өткен дүйсенбі күні болған. Қанды оқиға кезінде екеуі бірге болған.

Ал ұсталған Фарида Байрамова тергеу кезінде жазатайым оқиға болғанын, Рамазанға орыс рулеткасын телефон арқылы қалай ойнауға болатын видеоны көрсеткен кезінде, ол байқаусызда өзіне оқ атты деген. Пәтерін тінту кезінде әртүрлі нөмірі бар төрт ұялы телефон табылған.

– Қазір іс біздің бақылауымызда емес. Байрамованы терроризмге күдікті ретінде тергеп жатыр. Істің соңы сотта белгілі болады, – дейді полиция өкілі. Тексеру кезінде ешкімнің телефон арқылы «орыс рулеткасы» видеосын көрмегені белгілі болған.

XS
SM
MD
LG