Ссылки доступа

"Ислам мемлекеті" содырлары Ауғанстанда 50 шақты тұрғынды өлтірді


"Ислам мемлекеті" мен "Талибан" қозғалысының содырлары Ауғанстанның солтүстігіндегі Сари-Пуль провинциясында 50-ге жуық адамды өлтірді, деп хабарлады провинция губернаторы Мұхаммад Захир.

Оның айтуынша, шабуыл 3 тамызда кешке басталған. Содырлар Мирзо Оланг ауданына жақын маңда қауіпсіздік күштерінің бекетін шабуылдаған. Соғыс шамамен екі тәулікке созылған. Атыстан жеті полиция қызметкері және ауған әскерінің бір сарбазы қаза тапты.

"Содырлар Мирза Оланг ауданын басып алған соң, мұнда 40 шақты адамды өлтірді. Олардың арасында әйелдер, балалар мен қарт кісілер болды", - деп мәлімдеді ауған провинциясының басшысы Азаттық радиосына.

Мұхаммад Захирдің сөздеріне қарағанда, шабуылдаушылар 30-дан астам үйді өртеп жіберген. 25 адам із-түссіз жоғалып кетті, содырлар оларды өздерімен бірге алып кеткен болуы керек.

Сари-Пуль провинциясы шенеуніктерінің бірі Нұр Рахмони Аминёрдің журналистерге хабарлауынша, шабуылға тәліптер мен бірге "Ислам мемлекеті" содырлары қатысқан. Тәліптерді Мулло Нодир басқарған, ал ИМ содырларына Шермұхаммад Газанфар басшылық еткен. Бірақ тәліптер кісі өлтіру қылмысына қатыспағанын, Шермұхаммад Газанфар қозғалыс құрамынан баяғыда шығып кеткенін мәлімдеді.

Провинция губернаторының сөзіне қарағанда, жергілікті қарулы күштер басып алынған аудандарды қайтадан өздеріне қарату үшін Ауғанстанның орталық билігінен көмек сұрады.

XS
SM
MD
LG