Ссылки доступа

Қырғыз прокуроры Текебаевты 10 жылға соттауын сұрады


Бішкектің Первомай аудандық сотында бейсенбіде оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен экс-министр Дуйшенкул Чотоновтың ісі бойынша сотта жарыссөз басталды.

Прокурорлар Текебаевты 10 жылға, Чотоновты 8 жылға соттауын сұрады. Сонымен бірге прокурор олардың дүние-мүлкін тәркілеп, бостандыққа шыққан соң үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салуын өтінді.

Қырғызстан билігі Текебаевқа қарсы істі ресейлік бизнесмен Леонид Маевский мен оның танысы, Ресей азаматы Алексей Модиннің арызы бойынша қозғаған. Олар "Мегаком" телекоммуникация компаниясының акциясын иеленуге өздеріне көмектесу үшін "Текебаевқа делдал арқылы бір миллион доллар бергенін" мәлімдеген.

Бұл іс бойынша Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі әрі бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі министр Дуйшенкул Чотоновқа да айып тағылған. Чотонов та Текебаев сияқты ақпан айында Бішкекте ұсталып, қамауға алынған. Екі саясаткер де өздеріне тағылған айыптың "саяси астары бар" деп отыр.

XS
SM
MD
LG