Ссылки доступа

Украина хакері АҚШ демократтарына жасалған кибер шабуылға куәлік етті


Украиналық хакер былтыр АҚШ-тың Демократиялық партиясына жасалған кибер шабуылға байланысты тергеу ісі барысында куәлік берген деп жазады The New York Times газеті.

Украиналық бағдарламашы демократтар серверінің шабуылға ұшырағанын бірінші болып көрген. Бірақ әзірге америка билігіне оның қандай ақпарат бергені белгісіз.

Хакер Profexer никі арқылы жұмыс істеген. Тергеу ісінің мәліметі бойынша, ол сайлауалды науқан кезінде Демократиялық партияның серверіне зиян келтіретін бағдарлама енгізген. Бірақ өзі оны пайдаланбаған. The New York Times келтірген ақпаратқа қарағанда, бағдарламашы қазір Украинада. Америка билігі әзірге оны беруді талап етпеді. Себебі олардың қолында хакердің бұл бағдарламаны қандай мақсатта қолданбақ болғаны жөнінде нақты дәлел жоқ.

АҚШ арнайы қызметі Демократиялық партияның серверін Fancy Bear тобы бұзды деп есептейді. Олардың мәліметінше, бұл хакерлердің Ресей қорғаныс министрлігімен байланысы бар. Қаңтар айында Құрама Штаттардың барлау қызметі Ресей президенті Владимир Путин хакерлік шабуылға тікелей тапсырма берген деп мәлімдеген. Ол осылайша сайлауалды кампанияға кедергі келтіріп, Дональд Трамптың жеңіске жетуіне көмектеспек болған дейді.

Мәскеу болса бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, АҚШ-тағы сайлауға еш қатысымыз жоқ деп отыр.

XS
SM
MD
LG