Ссылки доступа

Парламентте жаңа латын әліпбиінің жобасын таныстырды


Астанада дүйсенбіде парламентте қазақ тіліне арналған жаңа латын әліппиінің нұсқасы таныстырылды. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, әліпби нұсқасын Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек пен республикалық тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов таныстырды.

Жаңа әліпби жобасында 25 таңба бар. Ербол Тілешовтің айтуынша, әліпбиді құрастыруда қазақ тілінің үндестік заңдылығы ескеріліп, оның нәтижесінде 25 таңба шыққан.

Оның сөзінше, әліпби жобасын құрастыруда тіл білімі институты мен тілдерді дамыту орталығы мамандарының пікірлері ескеріліп, оған қарапайым азаматтар да қатысқан.

Ерден Қажыбектің айтуынша, парламентте таныстырылған жаңа латын әліпбиін институт қызметкерлері мен сарапшылар бірауыздан қолдаған. Ол осыған байланысты әліпби жобасын "бұл мәселеге қатысы бар қазақстандық барлық ғалымдардың ортақ пікірі" ретінде қабылдауды сұрады.

Ербол Тілешов қазақ тіліндегі жаңа латын әліпбиінің стандарттары біртіндеп енгізіледі.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл сәуірде "2025 жылға дейін Қазақстан латын әліпбиіне көшуі тиіс" деп мәлімдеген болатын. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы жылдың соңына дейін латын әліпбиінің нұсқасын дайындау үшін арнайы комиссия құрылғанын айтқан.

Қазақстан бұған дейін де бір мәрте, 11 жыл бойы (1929 – 1940) латын әліпбиін қолданып, кейін кириллицаға ауысқан.

XS
SM
MD
LG