Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі "Құмтөрге" қатысты экологиялық талап арызын қайтарып алады


Қырғызстан соттан "Центерра Голд Инк." компаниясына қатысты экологиялық айыппұл төлеу жөніндегі шағымын қайтарып алады. Бұл жөнінде өндіріс, энергетика және жер қойнауын пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Ұлан Рысқұлов мәлімдеді.

Оның сөздерінше, 11 қыркүйектегі Қырғыз үкіметі мен Канада компаниясы қол қойған құжатқа сәйкес "Центерра Голд Инк." компаниясы да билікке қатысты талап арызын қайтарып алады.

"Біз компанияның экологияға тигізген зардабын есептеп, халықаралық сотқа шағымданғанбыз. Олар мұнымен келіспей, "қырғыз тарабы 2009 жылғы келісімді бұзып отыр" деп халықаралық сотқа шағымданды. Енді ортақ келісімге сәйкес, олар да, біз де талап арыздарымызды қайтарып аламыз. Бұл шешім екі тарапты да қанағаттандырды",- дейді Ұлан Рысқұлов.

Қырғыз үкіметі мен "Центерра Голд Инк." компаниясы қол қойған құжат "Қоршаған ортаны қорғау мен инвестицияны дамыту жөнінде" деп аталады. Онда экологияны жақсартуға жаңа жағдайлар қарастырылған, сонымен бірге "Құмтөр" жобасы қорының жаңа тетігін қайта құрады.

XS
SM
MD
LG