Ссылки доступа

Әлеуметтік желіде әкімнің мектеп директорларын ұрған видеосы тарап кетті (видео)


Kun.uz интернет-басылымында биыл тамыз айында түсірілген бейнебаян жарияланды. Онда Өзбекстанның Сырдария облысы Сайхунабад ауданының әкімі Носиржон Эгамбердиев мектеп директорларын жинап, әрқайсысының жанына келіп, балағатап, ұрғаны көрсетілген.

«Мен кез-келген аудан меңгерушісін ит секілді сүйретемін (халықтық білім берудің аудандық бөлімі – Ред.), бірақ шын мәнінде сен де кінәлісің. Неге өз ауданыңды сыйламайсың?», - деп айқайлайды мектеп директорын ұрып жатқан ер азамат.

Ол мектеп директорының бірінің бетіне шапалақпен бір ұрып, «Мемлекеттің тәуелсіздігі сенің де тәуелсіздігің емес пе?! Бұл мейрам сен үшін емес пе?!» деп айқайлап, әрі қарай мектеп директорларын балағаттайды.

Kun.uz интернет-басылымы хабарлағандай, Сайхунабад ауданында Тәуелсіздік күнін атап өту 25 тамызға белгіленіп, кейін 27 тамызға ауыстырылған.

«Кейбір мектеп директорлары 27 тамызда жеткілікті адам жинай алмаған. Себебі мейрамның басқа күнге ауыстырылғанын халық білмеген. Нәтижесінде 27 тамызда мейрамды атап өтуге санаулы ғана адам жиналған. Облыс әкімі аудан басшысына ескерту жасап, ұйымдастыру деңгейі өте төмен болды деген. Ал аудан әкімі болса, осы үшін мектеп директорларынан кек алған», – деп жазады Kun.uz.

Носиржон Эгамбердиев 2016 жылдың қазан айында Сырдария облысы Сайхунабад ауданының әкімі болып тағайындалған. Ол осыған дейін Сырдария облысының кәсіби және орта білім беру басқармасының басшысы болған.

XS
SM
MD
LG