Ссылки доступа

"Шекарасыз репортерлар" қырғыз журналисі Сапановты босатуға шақырды


"Шекарасыз репортерлар" халықаралық ұйымы қырғыз журналисі Зұлпықар Сапановқа шыққан сот үкімін айыптап, қырғыз билігінен оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырды. Бұл жөнінде ұйым таратқан мәлімдемеде айтылған.

"Зұлпықар Сапановты бостандығынан айыру Қырғызстанда еркін сөзге қауіп төндіреді. Біз журналистке шыққан үкімді айыптаймыз. Оны тез арада босатуын талап етеміз", - деді халықаралық ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлім жетекшісі Иоганн Бих.

2016 жылы журналистің "Қыдыр санжырасы" деген кітабы жарық көрген. Осыдан кейін діни ұйымның өкілдері ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданып, Сапановқа қатысты шара қолдануын сұраған. Кейін арнайы қызмет журналистке қарсы діни, ұлт араздықты қоздырды деп қылмыстық іс қозғады.

2017 жылдың 12 қыркүйегінде Зұлпықар Сапанов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Штаб пәтері Парижде орналасқан "Шекарасыз репортерлар" биыл жариялаған рейтінгісінде Қырғызстанды сөз бостандығы бойынша "проблемалы ел" деп атап өткен. Өткен жылы Қырғызстан 180 мемлекеттің ішінде 85-орын алса, биыл 89-орынға түсіп кеткен.

XS
SM
MD
LG