Ссылки доступа

Ташкентте жедел жәрдем дәрігерін соққыға жыққан тұрғын ұсталды (аудио)


Жедел жәрдем дәрігері Зафар Каюмов

Үйіне шақырумен келген жедел жәрдем дәрігерін аяусыз ұрған 36 жастағы Ташкент тұрғыны Абдумалик Каримов ұсталды. Ал дәрігер ауруханаға жатқызылған.

Абдумалик Каримовқа қатысты Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалды.

Бұл оқиға 10 қыркүйекте Каримов отбасында болған. Оны жедел жәрдем қызметкерлері қалта телефондарына түсіріп алған. Кейін бұл әлеуметтік желілерге тарап кетті.

Сол күні жедел жәрдем дәрігерлері Зафар Каюмов пен Тимур Хикматов үйде бала ауырып жатыр деген қоңырау бойынша Каримовтың отбасына келген. Аудиожазбаға қарағанда, дәрігерлерге көңілі толмаған үй иесі баланы ауруханаға алып кетуін талап етіп, Каюмовты жұдырықтайды. Соққыдан дәрігер еденге құлап түседі.

Республикалық нейрохирургия орталығы дәрігердің миы шайқалғанын, көз алмасында гематом барын айтады.

Кейін белгілі болғандай, жедел жәрдем қызметкерлерінің бәрі Каримов отбасын жақсы біледі екен.

"Ешкім Каримовтың отбасына барғысы келмейді. Өте агрессивті отбасы. Өткен жолы да біздің бір дәрігерімізді ұрып жіберді. Сол себептен Зафар Каюмов осы жолы диктофонмен барды", - деді дәрігердің бірі.

Егер Абдумалик Каримовтың айыбы сотта дәлелденсе, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG