Ссылки доступа

Қырғызстанда белсенділер сайлау заңын бұзғандарға шара қолдануды сұрайды


Қырғызстанда құрамында саясаткерлер, қоғам қайраткерлері бар "Таза сайлау үшін" қозғалысы ел президенті Алмазбек Атамбаевқа, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрайымы Нұржан Шайлдабековаға және премьер-министр Сапар Исаковқа үгіт-насихат науқанындағы заңсыздықтар бойынша шара қолдануды сұрап, хат жолдады.

Қозғалыс мүшесі Раушан Жээнбеков елдің бұрынғы бас мүфтиі Чубак Жалиловтың жария түрде Социал демократиялық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Сооронбай Жээнбековті қолдауы заңға қайшы дейді. 20 қыркүйекте Жалиловтың Жээнбековке дауыс беру жөнінде интернетте видеосы тараған.

Қозғалыс үндеуінде елдің вице-премьері Дуйшенбек Зилалиевтің де Баткен облысында тұрғындармен кездесуде билік атынан түсіп жатқан үміткерді қолдауды сұрағаны мысалға алынған.

21 қыркүйекте премьер-министр Сапар Исаков Зилалиевке ескерту жасап, оны сайлау штабының жетекшілігінен босатқан.

Қырғызстан заңына сәйкес, мемлекеттік органның және діни ұйымның өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмайды.

Қырғызстанда президент сайлауы 15 қазанда өтеді. Қырғызстан президенттігіне 13 адам үміткер.

XS
SM
MD
LG