Ссылки доступа

Ирак Күрдістанында тәуелсіздік алу жөнінде референдум басталды


Ирактың жартылай автономиялық Күрдістан аймағында 25 қыркүйекте Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беру басталды. Ресми Бағдад бұған дейін референдум өткізбеуді талап етіп, Ирактың біртұтастығы үшін күресетінін, керек болса мұнайдан түсетін табыстан қағатынын ескерткен.

Күрдістан аймақтық үкіметінің басшысы Масуд Барзани референдумның заңдық күші жоғын, дегенмен оның аймақ тәуелсіздігі жөніндегі ұзақ мерзімдік келіссөз бастаудың алғашқы қадамы болатынын мәлімдеген. 1991 жылдан бері автономия болып жарияланған Күрдістан жиһадшыл содырларға қарсы соғыста үлкен рөл атқарған.

Референдумда дауыс беру құқығы бар 5,3 миллион азаматқа 12 мыңға тарта сайлау учаскесі ашылған.

Дауыс берудің алдын ала нәтижелері бір тәулік ішінде шыға бастайды деп күтіліп отыр. Сарапшылар сайлаушылардың көпшілігі тәуелсіздікті қолдап дауыс береді деп болжайды.

"Бағдадпен әріптестік іске аспады, енді оған қайта оралмаймыз" деді Барзани 24 қыркүйекте Ирбилде өткен баспасөз конференциясында. Ол барлық күрдтерді "бейбітшілікке" дауыс беруге шақырды.

БҰҰ, АҚШ пен басқа да Батыс елдері референдум егер ол даулы аймақтарда тәртіпсіздікке әкеліп соқтырса "Ислам мемлекет" экстремистік ұйымына қарсы соғысқа кедергі жасауы мүмкін деп алаңдайды.

Бағдадтағы орталық үкімет пен халықаралық қауымдастық, оның ішінде күрдтер көп тұратын Иран мен Түркия референдумға қарсы шыққан.

Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади 24 қыркүйекте рефедендумды "конституцияға қайшы және бейбітшілікке қарсы" деп атап, Бағдадтың "елдің бірлігін қорғау үшін қажетті шаралар жасайтынын" мәлімдеген. Ол дауыс беру "этникалық бөлініске әкеліп соқтырып, ирактықтарды бір Құдайға ғана аян апатқа ұрындыратынын" айтқан.

XS
SM
MD
LG