Ссылки доступа

Қуғында жүрген өзбек журналисі Киев әуежайында ұсталды


"Өзбекстан" радиоканалында "Янги жамият" ("Жаңа қоғам") деп аталатын саяси-құқықтық бағдарламаның бұрынғы жетекшісі Назрулло Охунжанов Түркиядан Киевке ұшып келген бойда ұсталды. Ол Украинадан саяси баспана сұрамақ болған екен.

27 қыркүйекте штаб пәтері Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" Украина билігін журналист Назрулло Охунжановты босатуға шақырды.

Журналистің адвокаты Алексей Федоров аталған ұйымға Охунжанов Өзбекстанға экстрадициялануы мүмкін екендігін айтқан. 27 қыркүйекте Киев қалалық соты экстрадиция мәселесі шешілгенше, журналисті 40 күнге дейін қамау туралы шешім шығарған.

Назрулло Охунжанов 20 қыркүйекте Түркиядан Киевке ұшып келген бетте ұсталды. Украина журналист Интерпол тізімінде болғандықтан тұтқынға алынғанын мәлімдеді. Оны Өзбекстанның құқық қорғау органдары алаяқтық жасады деген айыппен халықаралық іздеуге берген екен.

Адвокат Алексей Федоровтың сөздерінше, Назрулло Охунжанов өзіне тағылған айыптардың бірін де мойындамайды. Журналист адвокатына елде адам құқығы мәселесі қиындап кеткендіктен, Түркияны паналауға тура келді деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG