Ссылки доступа

Ош белсенділері Бабановтың мәлімдемесіне қатысты шара қолдануды талап етті


Қырғызстанның Ош қаласында жергілікті белсенділер баспасөз конференциясын өткізіп, президенттікке үміткер Өмірбек Бабановтың мәлімдемесіне қатысты шара қолдануды талап етті.

Азаттық радиосының хабарлауынша, белсенділердің бірі - өзбек мәдени орталығының президенті Рашижхан Ходжаевони президенттікке үміткер Бабановтың сөздерін "арандатушылық" деп атады.

28 қыркүйекте Бабанов Ош қаласының Әмір Темір шағын ауданында үгіт-насихат жүргізген. Әлеуметтік желіде оның сөйлеген сөзі тарады. Кейбір қолданушылар оның сөздері ұлт араздығын туғызады деп есептейді.

Ош милициясы мұндай видео таратушылардың өздері жауапқа тартылуы мүмкін екендігін ескерткен.

Үміткердің штабы Бабановтың сөздерін бұлайша қабылдағанына наразылық білдірді. "Бұл видеоны монтаждап, оны таратушылар жауапқа тартылсын" делінген штаб үндеуінде.

Өмірбек Бабанов - парламенттік "Республика-Ата Жұрт" фракциясының жетекшісі, президент қызметіне 12 үміткердің бірі.

Қырғызстанда президенттік сайлау 15 қазанда өтеді.

XS
SM
MD
LG