Ссылки доступа

Қырғыз билігі сайлау кезінде қылмыс әлеміне жүгінбейтінін мәлімдеді


"Сайлау кезінде билік қылмыс әлеміне жүгінеді" деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Қырғызстанның вице-премьер-министрі Темір Жұмақадыров мәлімдеді. "Соңғы оқиғалар қылмыс әлемін нақты кімдердің пайдаланатынын көрсетіп берді" деді ол.

"Қылмыс әлемін саясатта кімдердің пайдалануға тырысып жатқанын халық түсініп отыр деп ойлаймын. Біздің қоғам бұған өз бағасын береді. Құқықтық жағына тоқталар болсақ, қазір тергеу жүріп жатыр. Сотта әділ бағасын алып, тиісті шешім шығады деп үміттенемін".

Жұмақадыровтың мәліметіне қарағанда, 2010 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, құқыққорғау органдары ұйымдасқан қылмыспен күресте жақсы нәтиже көрсетіп отыр:

"Қазір бұл салада айтарлықтай үлкен мәселе жоқ. Өкінішке орай, біздің кейбір саясаткерлер ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерін тартуға тырысып жатыр, олар мұны өз мүдделеріне қолданғылары келеді. Бұл мәселеге қатысты Бас прокуратураға өз бағамды бердім".

Еске салайық, 30 қыркүйекте Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық комитеті Жогорку Кенеш депутаты Канатбек Исаев пен ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшелерін ұстады. Оларға қарсы "қылмыс жасауға дайындалу", "жаппай тәртіпсіздік", "билікті күшпен басып алу" баптары негізінде іс қозғалды.

XS
SM
MD
LG