Ссылки доступа

Адам құқығын қорғаушылар Ташкентті журналист Абдуллаевты босатуға шақырды


Кеңсесі Францияда орналасқан адам құқығын қорғаушы топ Өзбекстан билігін журналист Бобомурод Абдуллаевты босатуға шақырды. Журналистің жақтастары түрмеде отырған Абдуллаевтің бірнеше күннен бері сыртпен байланысқа шықпағанын айтқан.

"Біз Өзбекстан үкіметін тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаевты тез арада босатуды, оның өз пікірін еркін жеткізу құқығын сыйлауға, әділ сот өткізуге, оны адвокатпен және туыстарымен кездестіруге шақырдық", - делінген Орталық Азиядағы адам құқығын қорғау жөніндегі ассоциация мәлімдемесінде.

Абдуллаевтың әйелі Катя Балхибоеваның хабарлауынша, күйеуі 27 қыркүйекте жоғалып кеткен. 29 қыркүйек полиция қызметкерлері журналист үйінде тінту жүргізген.

Полиция өкілінің 29 қыркүйекте хабарлауынша, 44 жастағы Абдуллаев ұрлық жасаған деген күдікпен қамауға алынған. Ташкенттік белгілі адвокат Миноят Парпиева 30 қыркүйекте журналистің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің абақтысында отырғанын хабарлады. Арнайы қызмет адвокатты Абдуллаевпен кездестіруге рұқсат бермеген.

Бобомурод Абдуллаев – Өзбекстандағы танымал спорт журналисі, «Озод Овоз» («Еркіндік дауысы»), жобасының авторы, Бейбітшілік және соғыстардан хабар жөніндегі институттың (IWPR) тілшісі болған.

XS
SM
MD
LG