Ссылки доступа

ҰҚК шекарада жоспарлы операция жүріп жатқанын хабарлады


Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қырғызстанмен шекарадағы жағдайға қатысты түсінік берді. ҰҚК ресми сайтында жарияланған ақпаратта "мемлекеттік шекара бойында, оның ішінде Қырғызстанмен шекарада жоспарлы тексеру операциясы жүргізіліп жатқаны" айтылады.

Арнайы қызметтің хабарлауынша, операция "шекарада заңға қайшы әрекеттердің алдын алу, террорлық, контрабандалық және басқа да қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтау, шекара режимі мен миграциялық заңдардың орындалуын тексеру" мақсатында жүргізіліп жатыр.

"Осыған байланысты шекарадан өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүк пен тауарды тексеру күшейтілді. Бұл жағдайда шекарадан өтуге әлдебір шектеу немесе тыйым салынған жоқ" делінген ҰҚК ақпаратында.

10 қазаннан бастап шекараның Қырғызстан жағынан Қазақстанға өту қиындап, тексеріс күшейіп, бекетте үлкен кезек пайда болған және ондаған көлік жиналып қалған. Шекарада кезекте тұрғандар шекараның Қырғызстан жағындағы "Ақ Жол" бекетінде ешқандай кідіріс жоғын, Қазақстан жағында тексеру күшейіп, тіпті көліктерді мұқият тексеріп жатқанын әлеуметтік желілерде хабарлай бастаған.

Бірақ Қырғызстанмен шекарадағы сияқты жағдай Қазақстанның басқа елдермен шекарасында байқалмады.

11 қазанда "Қордай" шекара бекетіне барған Азаттық тілшісі бекетке жақын Қордай кентіне кіре берісте және одан бекетке дейінгі жолда әскерилердің пост қойып, кірген-шыққан көліктерді тексеріп жатқанын байқаған.

XS
SM
MD
LG