18 жастағы Даниил Исломов биыл сәуір айында Душанбе қаласынан әскер қатарына қабылданған. Әскери комиссариатта жасөспірім діни сенімі әскери киім киюге рұқсат бермейтінін ескерткен. Соған қарамастан оны Қорғантөбедегі әскери бөлімге әскери борышын өтеуге жіберген.
Хатлон облыстық әскери сотының хабарлауынша, Даниил Исломов "әскери қызметтегі міндеттерін орындаудан бұлтарғаны үшін" ұсталған. Тергеу кезінде Исломов әскер бөлімде болса, үкім шыққан соң оны Қорғантөбедегі қатаң режимдегі колонияға жеткізген. Сотталушының туыстары үкімге шағым түсіруді көздеп отыр.
"Иегово куәгерлері" ілімі әскери әрекеттерге қатысуға тыйым салады. Әскерде қызмет ету ілімді ұстанушыларға рұқсат етілмейді, оларға әскери киім киюге және қару ұстауға болмайды.
Тәжікстанда "Иегово куәгерлері" діни ұйымының қызметіне 2007 жылы күзде тыйым салынған.