Ссылки доступа

Тағылған айыптарды мойындамаған Манафорт пен Гейтс үй қамауына алынды


Пол Манафорт
Пол Манафорт

Дональд Трамп сайлау штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт пен оның іскер әріптесі Рик Гейтс тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамады. Бұл екеуі 12 қылмыс бойынша күдікке қалды, олардың арасында АҚШ-қа қарсы астыртын әрекет, ақша заңдастыру және федералдық лобби туралы заңды бұзу қылмыстары да бар.

Вашингтон федералдық сотының қаулысымен, Манафорт пен Гейтс елден кетуге талпынуы мүмкін деген қауіппен екеуіне 5 және 10 миллион доллар кепілдік пұлы белгіленді. Кепілдік пұлы өткізілмейінше, екеуі де үй қамауында отырады.

Тергеу нұсқасына қарағанда, Манафорт пен Гейтс миллиондаған долларды жасырған. 2006-2015 жылдары Манафорт Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің "Аймақтар партиясынан" ақша алған делінеді. Салықтан жалтару үшін ол офшор компанияларын пайдаланған, солардың есептерінен 75 миллион доллардан астам қаражат өткізген. Тергеу Манафорт 18 миллион доллар заңдастырды деп есептейді. Ал Гейтс офшордағы есептерден үш миллион доллардан астам қаражат өткізген делінді.

Ақ үй өкілі Сара Сандерс журналистерге президенттік сайлау науқаны мен Трамптың бұрынғы қызметкерлері арасында байланыс жоқ деп мәлімдеді. Сандерс тағылған айыптардың уақыты да, мақсаттары да Трамп өткізген сайлау науқанымен еш сәйкес дегенді алға тартты.

Ал Трамптың сыртқы саясат жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулосты Ақ үй өкілі "ерікті" деп атап, оның президенттік науқандағы жұмысын "өте шектеулі" деп сипаттады. Дүйсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабының сыртқы саясат жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джордж Пападопулос Федералдық барлау бюросына жалған куәлік бергенін мойындады деп хабарланған еді.

XS
SM
MD
LG