Ссылки доступа

Өзбекстан Нью-Йорктегі терактіні тергеуде АҚШ-қа көмектесуге дайын (видео)


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нью-Йорктегі қайғылы оқиғаға байланысты АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айтты. Көңіл айту жедел хаты Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарық көрді.

«Біз Америка Құрама Штаттары халқына жан-жақты тілектестік сезімімізді білдіреміз. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын және зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін», – делінген көңіл айту мәтінінде.

Президент Шавкат Мирзияев экстремизм мен терроризмнің кез-келген түрін айыптап, Дональд Трампқа Өзбекстан бұл террористік актіні тергеуде мүмкіндігінше көмек көрсетуге әзір екенін жеткізген.

31 қазанда Нью-Йоркте Манхэттеннің шығысында жүк көлігі велосипед жолағында жүрген топ адамды қағып өтіп, сегіз адам қаза тапқан, он адам жараланған. Тергеу ісін ФБР жүргізіп жатыр.

Шабуыл жасаушы ұсталған. Оның 29 жастағы Өзбекстан азаматы Сайфулло Саипов екені анықталған. Қазір ол ауруханада жатыр.

АҚШ-та тұратын өзбекстандық босқын Миррахмат Муминов Саиповтің Ташкенттен екенін, 2013 жылы Флоридаға көшкенге дейін Огайо штатындағы Акрон қаласында тұрғанын, көп жылдар бойында жүк көлігінің жүргізушісі болғанын айтып берген.

XS
SM
MD
LG