Ссылки доступа

Әлемдік БАҚ-қа шолу: Сайфулло Саипов кім, неге ол мұндай әрекетке барды?


Әріптестер мен жазылушыларға әлемдік БАҚ-қа шолу деп аталатын жаңа айдар ұсынамыз. Дайджесте әлемдік басылымның не жазып жатқанынан хабардар боласыздар. Егер сіздерге ұнаса, пікір қалдырыңыздар, бізге жазыңыздар.

Нью-Йорктегі шабуыл "Орталық Азияның терроризм ошағына айналып бара жатқанын көрсетеді", деп жазды The Wall Street Journal. 29 жастағы өзбек азаматы Сайфулло Саиповтың Нью-Йорктегі шабуылынан сегіз адам қаза тапты, оннан астам адам жараланды. Басылым "экономикасы әлсіз, саяси еркіндігі жоқ Орталық Азия жастары радикализмге жиі ұрынады" деген тұжырым жасаған. Бірақ Reuters Саиповты бұрынғы советтік республикадан жақсы өмірді аңсап көшкен "ұмыт болған ұрпақ" өкілі деп атады.

USA Today биыл сәуір айында Өзбекстан азаматының Стокгольмдегі шабуылынан төрт адам қаза тауып, 15 адам жараланғанын еске түсірді. Тағы бір өзбекстандық жаңа жыл мерекесі қарсаңында Стамбулдағы түнгі клубта теракт жасаған. Көктемде этникалық өзбек Санкт-Петербург қаласында метрода жарылыс жасаған.

«Нью-Йоркте тіркелген оқиғаны Өзбекстан билігінің діни саясатының қателігі", деп есептейді Le Monde. Басылым Орталық Азияның бсқа да елдері - Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қазақстандағы экономикалық мәселелер мен жемқорлықтың салдарынан тұрғындар Ресейге немесе басқа да елдерге жұмыс іздеп кететінін, болмаса "Ислам мемлекеті" секілді экстремистік ұйымға қосылатынын атап өтті.

Нью-Джерси штатындағы Паттерсон қаласында Саипов тұратын үйден жақын маңда Омар мешіті бар. Бірақ Саиповтың ол мешітке барып намаз оқыған-оқымағаны туралы нақты мәлімет жоқ. Оның кейбір көршілері Саипов мешітке барады десе, көпшілігі оны бұл мешіттен ешқашан көрмегенін айтты, деп жазды The Guardian.

CBS News телеарнасы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып харлауынша, ауруханада тергелген Саипов шабуылдан соң ұсталып қалмағанда, одан да көп өлтіргісі келгенін айтқан.

Бұл уақытта, Дональд Трамп Манхеттендегі шабуылдан соң америкалық қылмысты қудалау заңдарын сынады. Ол "мұндай малды" Гуантанамодағы америкалық әскери түрмеге жіберуге дайын екенін айтты, деп жазды ​ New York Times. "Нью-йорка теракт жасаған адам ауруханадағы палатаға "Ислам мемлекеті" туын ілуін сұрағанда қуана күлген. Ол сегіз адамда өлтірді, 12 адамды жаралады. Оны өлім жазасына кесу керек!" - деп жазған Ақ үй қожайыны.

Дональд Трамп бұған қоса грин-карт лотореясын таратуды доғару қажеттігі туралы мәлімдеген. Santa Monica Observer мәліметіне қарағанда, Сайфулло Саипов грин-карт арқылы 2010 жылы АҚШ-қа көшіп барған. New York Times мәліметі бойынша, "ол өз елінің үкіметінің талабына құлақ аспай, консулдыққа тіркеуге тұрмаған. Ол отанына қайта оралғысы келмеген", деп жазды басылым.

XS
SM
MD
LG