Ссылки доступа

Сирия әскері Дейр әл-Зор қаласын бағындырды


Сирия әскері елдің шығысындағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы басып алған ең ірі және ең маңызды Дейр әл-Зор қаласын толық бақылауға алды, деп хабарлады Reuters. Ақпарат агенттігі Адам құқықтарының бұзылуына бақылау жасау жөніндегі сириялық орталыққа (Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) сілтеме жасады.

Сирия үкіметінің күштері қала маңынан ИМ содырларын әлі тазартып жатыр.

Сирия әскері Дейр әл-Зор қаласын қайтарып алу операциясын қыркүйекте, Ресей әуе күштерінің және Иран қолдайтын жасақтар мен ливандық "Хезболла" ұйымының қолдауымен бастаған.

ИМ содырлары қаланың Сирия әскері мен 93 мың тұрғыны бар бір бөлігінен өзге жағын 2014 жылы басып алып, осы күнге дейін билік жүргізіп келген. Дейр әл-Зор - Евфрат өзені бойында орналасқан және ол Сирияның мұнай өндіретін негізгі провинциясының орталығы. Қала мұнайға бай аймақта, Иракқа жақын орналасқан. Сондықтан ол ИМ үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды.

Сирия президенті Башар Асад үкіметі соңғы айларда елдің шығыс бөлігін қайта бақылауға алуға тырысып жатыр. Шығысқа жылжыған сайын Асад үкіметі мұнай мен газ кен орындарының көбіне қайтадан ие бола бастады.

XS
SM
MD
LG