Ссылки доступа

Сапар Исаков: Қырғызстан жүктері әпсәтте контрабанда боп шыққаны ма?


Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков 3 қарашада Ташкентте өтіп жатқан ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің отырысында сөйледі. Қырғыз үкіметінің ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің хабарлауынша, Сапар Исаков қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға да тоқталып өткен.

"Өкінішке орай, ТМД-ның кейбір елдерінің тауардың еркін транзиті қағидасын ұстамауына байланысты, қазір еркін сауда аймағы туралы айту қиын", - деді қырғыз премьер-министрі.

Сапар Исаковтың жиналыста хабаралуынша, "қазақстандық тарап өзінің транзиттік басымдығын пайдаланып, 2017 жылдың 10 қазанынан бастап Қазақстанға бара жатқан Қырғызстан және шетел азаматтарына, қырғыздың және шетелдік жүк тасушыларына қолдан кедергі келтіре бастады".

"Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасының барлық өту жолдарында жүк көліктері қаңтарылып тұр. Күн сайын мұнда 500-ден 600-ге дейін жүк көлігі шекарадан өте алмай тұрады. Бір автокөліктің шекарадан өтуіне бес тәулік кетеді, оның үстіне кеден терминалдарында оларды аса ыждағаттылықпен тексереді", - деді қырғыз премьері.

"Жүктің Қазақстанға арналғаны 20 пайыз болса, оның ішіндегі қырғыздың ауыл шаруашылық өнімдерін (картоп, пияз, алша, жүзім), ЕАЭК бірыңғай реестріндегі кәсіпорындардың Қазақстан нарығына жеткізетін сүт өнімдерін контрабанда деуге келе ме? Ресейге бара жатқан 80 пайыз жүкті де контрабандаға жатқызамыз ба?!"

Қырғыз премьерінің хабарлауынша, Қырғызстанға үшінші елдерден келе жатқан темір жол вагондарын тоқтатып қою, тексеру фактілері тіркелген. Сөз соңында Қырғызстан премьер-министрі "қазақстандық тараптың бақылау шараларын қатайтуы уақытша шара, көрші елдер бұл мәселені достықпен шешеді деп үміттенетінін" мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG