Ссылки доступа

Бабанов қылмыстық іс жайында: Мені әзәзіл етіп көрсетудің қажеті жоқ


4 қарашада Қырғызстанның бас прокуратурасы Жогорку Кеңеш депутаты, президенттік сайлаудан үміткер болған Өмірбек Бабанов пен басқа тұлғаларға қарсы Қырғызстан қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-тармағы (конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру) және 299-бабының 1-тармағы (ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын" мәлімдеді.

Бұл іс Бабановтың 28 қыркүйекте сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде Ош қаласы, «Әмір Темір» шағын ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөздеріне байланысты қозғалған.

Депутаттың өзі бұл іске қатысты жауап берді.

«Біз бүгін құқық қорғау органдары тарапынан бассыздықты көріп отырмыз. Олар саяси қылмыстық іс қозғап отыр. Бұл бәрімізге белгілі», - деді Бабанов.

Ол сонымен бірге елдегі жағдайға өзін кінәлап, әзәзіл етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. «Билік проблеманың көзі Бабановта емес екенін түсінбейді. Олар мен саяси алаңнан алып тастағанымен, проблема шешілмейді. Елдің жағдайы жақсарып кетпейді. Шындық бәрібір шығады», - деді ол.

«Республика» партиясының өкілдері Өмірбек Бабановтың қазір Ресейде емделіп жатқанын айтады. Оның қашан елге оралатыны белгісіз.

Қырғызстанда 15 қазанда өткен президент сайлауы кезінде Өмірбек Бабанов жеңіске жеткен билік партиясы атынан түскен Сооронбай Жээнбековтің басты қарсыласы болды.

XS
SM
MD
LG