Ссылки доступа

Қырғыз милициясы депутат бауырының өлімінен саяси сипат көріп тұрған жоқ


Тергеу Қырғызстан парламенті депутаты Аида Салянованың бауыры Ұлан Салянов өлімінің бірнеше нұсқасын қарастырып отыр. Бірақ істің саяси сипаты қаралмайды, деп хабарлады ІІМ. Саляновты дүйсенбіге қараған түні үйінде атып кетті.

Кісі өлтіруге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергуді ІІМ тергеу қызметі жүргізіп жатыр.

Министрлік мәліметіне қарағанда, 6 қарашада кезекші бөліміне Шу облысы Аламудун ауданына қарасты Көк-Жар ауылында қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына келген милиция қызметкерлері 6 қарашада түнгі сағат 01:30 шамасында бірнеше адам Ұлан Салянов үйіне бетпердемен кіргенін анықтаған. Тергеудің алдын ала мәліметі бойынша, қаскөйлер 42 жастағы Ұлан Саляновқа екі мәрте оқ атқан, сосын қашып кеткен. Салянов жергілікті ауруханада көз жұмды.

Қылмыс жасалған кезде үйде отбасы мүшелері болған.

Марқұмның туыстары үйге үш-төрт адам баса-көктеп кіріп, ақша талап еткенін айтқан. Үй қожайыны Салянов оларға қарсылық көрсетуге талпынған, бірақ оқпен жараланған.

Қылмыскерлер ақ түсті минивэнмен қашып кеткен делінеді.

Аида Салянова — оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының депутаты, бұрынғы бас прокурор.

XS
SM
MD
LG